Добавить новость

Концерт пен марафон – Қазақстан туризмінің жаңа драйвері бола ала ма?

Vlast.kz
5

2024 жылдың басында Сингапур үкіметі әйгілі америкалық әнші Тейлор Свифттің «The Eras Tour» әлемдік туры аясындағы концерттерін тек Сингапурде өткізуі үшін эксклюзив келісім жасасқаны белгілі болды. Осы келісімге сәйкес, Свифт Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ішінен тек Сингапурда 6 концерт қойды. Бұл шешім көршілес елдердің билігі тарабынан сынға қалғанымен, Сингапур үшін экономикалық тұрғыдан өте тиімді қадам болды. Maybank есебіне сүйенсек, 6 концерттен ел экономикасына 260–375 млн доллар шамасында табыс түскен.

Сингапур тәжірибесі мемлекеттік деңгейде стратегиялық тұрғыда жоспарланған іс-шара туризмінің (event tourism) ел экономикасына қалай серпін бере алатынын дәлелдеді.

«Власть» бұл мақалада Қазақстан іс-шара туризмін дамытып, әлемдік жұлдыздардың концерті мен бұқаралық спорт жарыстарын өткізуді қолдау арқылы түсімді қалай арттыруға болатынын баяндайды.

Табиғатқа салмақ салмайтын туризмді дамыту

Туризм Қазақстан экономикасының өсуіне жаңа серпін беретін салаға айналуы қажет екенін билік басындағылар бұрыннан айтып келеді. Алайда оның әзірге тиімді болмай тұрғанын және бұл үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі екенін президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткізген кеңесінде айтып өтті.

Оның сөзіне сүйенсек, соңғы 4 жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кеткен, ал бұл – әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен.

Осы кеңесте Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға зор мүмкіндік бар екені де айтылған еді. Алайда биыл көктемде өткен үкімет отырысынан туризмді дамыту қайтадан ерекше табиғи мекендерді аралумен байланысты екені түсінікті болды. Отырыста экологияға келер қаупі әлі де толық бағаланбаған тау кластерін дамыту бағдарламасы сияқты бастамалар талқыланды.

Туризм министрлігі бұл жоба шетелдік туристердің санын 1,8 млн адамға дейін арттырып, салыққа 184,3 млрд теңге түседі деп күтіп отыр. Алайда экологтар бұл бағыт экожүйеге зиян келтіруі мүмкін екенін айтып дабыл қағып жатыр.

Бұл жобаға қарсы шыққан сарапшылардың сөзінше, жоспардың 90 пайызы тау-шаңғы туризміне арналғанымен, дәл осы бағытта қанша турист тартуға болатыны жөнінде нақты дерек құжаттың өзінде жоқ. Қазақстанда экотуризмге бағытталған мұндай жобаларды бұған дейін де ұсынған. Сондықтан сарапшылар мұның орнына туризмнің басқа да балама түрлерін дамыту қажет екенін баса айтты.

По дороге на Кок Жайляу, фото Владислава Сона

Экотуризмге қандай балама бар?

Көктемгі үкімет отырысында ауқымы жағынан экотуризмді дамыту жоспарларына жетпесе де, іс-шара туризмі туралы да сөз қозғалды. Атап айтқанда, «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов 1 тамызда «Астана Арена» стадионында әйгілі америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті өтетінін хабарлады.

Бұл Қазақстан үшін айтулы оқиға болмақ, себебі Хасеновтың сөзінше, алғаш рет «А» санатындағы жұлдыз Қазақстанды өзінің әлемдік туры аясында баратын елдер тізіміне қосқан. Спикер іс-шара туризмі жай ғана ойын-сауық емес, қуатты экономикалық құрал әрі инвестиция екенін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінен осы салада көшбасшы болатындай барлық ресурсқа ие.

«Біз 15 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп болжап отырмыз. Олардың жалпы қала экономикасына қосар үлесі – қонақүй, мейрамхана, көлік пен бөлшек саудадан шамамен 6,5 млрд теңге. Ал концерттен түсетін тікелей салық түсімі – 400 млн теңге», — деді Хасенов.

Дженнифер Лопес концерті, Chris Pizzello / Invision / Associated Press

Аталған жоспарды премьер-министр Олжас Бектенов те қолдап, үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз деді. Дегенмен нақты қандай қолдау көрсетілетіні айтылмады.

Жоғарыда аталған Алматы маңындағы тау туризмін дамыту жоспарына 655,9 млрд теңге тартылатын болса, іс-шара туризмін қолдау тек әкімшілік жұмыстармен шектелетін көрінеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет комитеті «Власть» сауалына берген жауабында Дженнифер Лопес концертін ұйымдастыруға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмағанын мәлімдеді.

Ал туризм және спорт министрлігі өз құзыреті шегінде мәдени іс-шараларды ұйымдастырушыларға мемлекеттік қолдау шараларын қарастырмайтынын айтты.

Әлемдік жұлдыздар концертін өткізу қаншалықты маңызды?

Қазақстандықтардың әлемдік деңгейдегі әртістерге деген сұранысы жоғары екеніне Дженнифер Лопестің концертіне билет сатылымы басталғаннан-ақ 3 сағат ішінде түгел сатылып кеткені дәлел болды. Мұндай солдаут болады деп әртістің менеджмент тобы да күтпеген көрінеді, себебі бұл Лопестің әлемдік турындағы алғашқы солдаут.

«Олар “қазақтар” дегеніміз кім, неге Джей Лоны жақсы көреді?”, - деп таңданды. Біз оларды жарты жыл бойы (Қазақстанда концерт өткізуге) көндірдік. Отельдер мен стадион бар екенін көрсеттік», - деді Мәлік Хасенов 13 маусымда Алматыда өткен пресс-конференцияда.

Мәлік Хасенов

«Астана концерт» компаниясының дерегінше, сатылған билеттердің 30%-ын шетелдік азаматтар алған. Концертке 29 елден тыңдарман келмек, оның ішінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Швейцария, Қытай, Түркия, Мексика және басқа да мемлекетте бар.

Астанадағы солдауттан кейін әншінің концерті 10 тамызда Алматыда да өтетіні белгілі болды. Мұнда сатылым басталғанда алғашқы 6 сағатта отыратын орындарға билеттер өтіп кеткен, қазіргі таңда 10% билет сатылымда тұр.

Болжам бойынша, шетелдік қонақтардың HoReCa жүйесіне қосар үлесі Алматыда шамамен 5 млрд теңге болуы мүмкін.

Алматыдағы концерттің де салық түсімі Астанамен шамалас болмақ. Алматы туризм басқармасының ішкі зерттеуіне сәйкес, шетелдік туристер қалада орта есеппен 3-5 күн уақыт өткізіп, жалпы алғанда 1500$-ға дейін қаражат жұмсайды. Хасенов мұндай іс-шара кезінде қонақ үй бағасы 4-5 есе шарықтап, бұл жергілікті бизнеске пайда табуға көмектеседі деп отыр. Ал бизнес пайда тапқан сайын, салық түсімі де артады.

Хасенов мұндай деңгейдегі концерт Қазақстандағы іс-шара туризміне драйвер болатынына сенімді.

«2024 жылы Абу-Дабиде өткен әлемдік жұлдыздың концертіне 4,5 мың қазақстандық барған. Олар ұшып баруға, отельге және басқа да шығындарға ақша жұмсады. Әрине, ешкімге Абу-Даби не басқа елдерге баруына тиым салмаймыз. Бірақ халықтың шетелге барып миллион теңге жұмсау мен Астанада өтетін сондай концертке 100 мың теңге төлеу (деген таңдау бар)», - дейді ол.

Фото министерства транспорта

Дженнифер концертін Алматыда ұйымдастырушылардың бірі First Media Group компаниясының басшысы Альфия Нұрғұмарованың айтуынша, Қазақстанға жақын орналасқан елдер – Грузия мен Әзірбайжанның тәжірибесіне сүйене отырып, іс-шара туризмі ел экономикасының дамуын әлдеқайда жеделдететінін көруге болады.

«Туристер Алматыға табиғаттан бөлек мәдени іс-шаралар үшін де келеді», - дейді ол бізге берген жауабында.

First Media Group осы нарықта 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұған дейін Қазақстанда 50 Cent, Николь Шерзингер, Ne-Yo, Нелли, Крейг Дэвид, Busta Rhymes сияқты жұлдыздардың концерттерін ұйымдастырған.

Almaty Marathon-ның туризмге әсері қандай?

Әлемдік жұлдыздардың концертін Қазақстанда ұйымдастыру ісі енді ғана жолға қойылып келе жатыр. Дегенмен, іс-шара туризмі тек мұнымен шектелмейді. Осы бағыттың сәтті үлгісін көрсетіп келе жатқан тағы бір іс-шара бар: бұл – Almaty Marathon.

2012 жылы бастау алған Almaty marathon елдегі бұқаралық спортқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін шетелдік желаяқ туристерді де тарта бастады.

Алғашқы жылы марафонға 2 500 адам қатысса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 600-ге жеткен. Ал 2025 жылы күзде өтетін марафонға 16 000-нан астам қатысушы келеді деген болжам бар - алғашқы жылға қарағанда алты есеге өскен.

Марафонға қатысушылардың 70%-ы – жергілікті қатысушылар болса, қалған 20%-ы Қазақстанның басқа өңірлерінен келгендер, ал 10%-ы шетелден келген желаяқтар. Былтырғы марафонға 62 ел мен 418 қаладан қатысушы келген.

Фото: Almaty Marathon

«Almaty Marathon кейінгі жылдары жай ғана спорттық іс-шара емес, Қазақстанның туризм картасындағы маңызды оқиғаға айналды. Оның туризмді дамытуға әсері шетелдік қатысушылар ағынының артуы мен ішкі туристерді тартуынан анық көрінеді. Желаяқтар марафонға жалғыз келмейді ғой, әдетте отбасын не достарын ертіп келеді», – деді Almaty Marathon race-director Салтанат Қазыбаева.

Ұйым 2024 жылғы 19–20 сәуірде өткен EXPO Almaty Half Marathon көрмесі кезінде зерттеу жүргізген. 

Нәтижесінде, қатысушылар сөре нөмірін табыстайтын 2 күнде 8 млн теңгеге сауда жасағаны анықталған. Бұл соманың 39%-ы басқа қала мен елдерден келген қонақтардың қалтасынан шыққан.

Жол шығындарынан бөлек, қатысушылардың 41%-ы тамақтану, сауда мен демалысқа орта есеппен 20 мыңнан 40 мың теңгеге дейін жұмсаса, 31%-ы 50 мың теңгеден астам қаражат жұмсаған.

«Қаладан алған жағымды әсер олардың Алматыға қайта оралуына не ұзақмерзімді байланыс орнатуына түрткі болуы мүмкін. Зерттеу нәтижесі шетелдік және басқа қалалардан келген қатысушылардың 79,3%-ы марафон үшін Алматыға қайта келуді жоспарлап отырғанын көрсетті. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай тұрақты сапарлар кейін жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе бизнес ашуға ықпал етуі мүмкін», - деген сенімде Қазыбаева. 

Салтанат Қазыбаева

Ол мұндай іс-шарадан түсетін пайданы есептегенде мультипликативті әсер ететінін ұмытпаған жөн екенін атап өтті, яғни іс-шараға тікелей жұмсалған қаржыдан бөлек жанама (Indirect Effects) және туынды (Induced Effects) әсерлері де болады:

Мысалы, іс-шара ұйымдастырып, жергілікті кейтеринг компанияға тапсырыс бергенде, олар қажет азық-түлікті жергілікті фермерлер мен өндірушілерден сатып алуы мүмкін. Бұл іс-шараның негізгі шығындарынан туындайтын жанама әсер болып есептеледі. Ал іс-шараны ұйымдастырып, одан түскен ақшаны жергілікті экономикаға құрту - экономикаға туынды әсерін тигізеді. Зерттеуге сәйкес, Almaty marathon серіктес компанияларының салық төлемі 2019 жылдан 2023 жылға дейін үш еседен аса өсіп, 318,9 млн теңгеден 873,9 млн теңгеге жеткен.

Әдетте Алматыға марафон жүгіруге келген шетелдік қатысушылар қалада 2–3 күн болады екен, соның ішінде 24%-ы бір аптадан артық аялдайды.

«Мен де әлемнің түрлі еліндегі спорттық жарыстарға белсенді қатысып жүремін. Жарысқа қатысатын елді таңдағанда, туристік мүмкіндіктерін де қараймын. Бізге келетін шетелдік қатысушылар да дәл осындай логикамен әрекет етеді», - деді өзі де триатлонмен айналысатын Қазыбаева.

Сондықтан Almaty Marathon трассасын жобалау кезінде ұйымдастырушылар қаланың көрнекті орындарын, сәулет және мәдениет нысандарын, саябақтарды қамтуға тырысады.

«Осылайша қаланы туристік бағыт ретінде насихаттауға да ықпал етеміз. Көптеген қатысушы, әсіресе шетелдіктер Алматыға алғаш рет келген болуы мүмкін, сол себепті біз олардың жарқын әсер алып қайтуына мән береміз», - дейді Қазыбаева.

Оның сөзінше, Almaty Marathon марафоны AIMS халықаралық стандарттары бойынша сертификатталып, әлемдік марафон күнтізбесіне ресми түрде енген. Сондықтан ТМД, Еуропа және Азия елдерінен келетін спортшыларға да мұнда жүгіру қызық.

«Біздің марафон Орталық Азиядағы ең ауқымды марафон болып есептеледі», - дейді Қазыбаева.

Қазыбаеваның болжамынша, биыл күзде өтетін марафонға шетелдік қатысушылардың көп келуіне жақында құрылған TAN түркі елдерінің марафон альянсы түрткі болуы мүмкін. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан кірген бұл альянс 4 елде өтетін марафондар кестесін құрып, сол марафонның бәрін жүгіріп шыққан қатысушыға арнайы медаль дайындаған. Бұл әлемдегі ең танымал 7 марафон мейджоры World Marathon Majors форматына негізделіп жасалған.

«Әуесқой жүгірушілер үнемі өздеріне бір челлендж іздеп жүреді. Түрлі елде марафонға қатысып, әр елден медаль жинау - олар үшін бір ойынның әр кезеңін өткен сияқты болады. Баку марафон көктемде өтті, cоған қатысқандар арасында ары қарай жалғастырамыз деп отырғандар бар», - деді Салтанат Қазыбаева.

TAN түркі елдерінің марафон альянсын таныстыру сәті, фото Almaty marathon

Бұл мейджордың ішіне Қазақстаннан екі старт енген - Almaty Marathon және Turkistan Marathon. Қазыбаеваның пікірінше, марафон ұйымдастырғанда таргет аудитория ретінде тек шетелдіктерді қарастыра бермей, ішкі туризмді де қатар алып жүру керек.

Ол 2022 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Turkistan marathon потенциалы өте жоғары, өйткені бұл өңір тарихи мәдениетімен танымал әрі спортты дамытуға ыңғайлы орын екенін айтты.

«Almaty marathon трассасында жүгіру оңай емес, себебі өрге қарай жүгіресің. Ал Түркістан керісінше жазық жер, сондықтан жүгіру жолы ретінде үлкен әлеуетке ие. О жақта таулар жоқ, сондықтан кәсіби спортшылардың жеке рекордын жаңартуына қолайлы орын болып саналады», - деп түсіндірді директор.

Қазір Turkistan marathon-ға қатысушыларының басым көпшілігін сырттан келгендер құрайды, бірақ жыл сайын жергілікті тұрғындар да көбейе бастаған. 2024 жылы өткен Turkistan Marathon жарысына әлемнің 21 елінен 3000 жүгіруші қатысып, бұл іс-шара нағыз халықаралық деңгейдегі оқиғаға айналған.

Қазыбаеваның сөзінше, марафон өңірдегі туризм мен қонақүй бизнесінің дамуына айтарлықтай әсер ете бастаған, мысалы, 2024 жылы Түркістандағы 50 қонақүйде шамамен 2000 орын жарысқа дейін бір ай бұрын толық брондалып қойған.

Turkistan Marathon

Қазақстан инфрақұрылымы мұндай ауқымды іс-шараларға дайын ба?

Дженнифер Лопестің концерті Алматыдағы Орталық стадионда 10 тамызда өтеді деген хабар шыққанда «Қайрат» футбол клубы сол күні стадионда футбол матчы өтетінін хабарлады. Сондай-ақ бұған дейін концерт өткізуге қарсы болғандарын айтты. Кейін бұл мәселе шешіліп, әйгілі поп-жұлдыздың концерті осы стадионда өтетін болды.

Десе де бұл жағдай тағы бір жараның бетін тырнады: Алматыда бір уақытта 20-30 мың адам сиятын алаңдар жетіспейді. Алматыда 24 мыңға жуық адам сыятын Орталық стадион ғана бар, оның өзі жақын арада реконструкцияға жабылғалы жатыр.

Альфия Нұрғұмарова бір уақытта Орталық стадион да, Медеу мұз айдыны да реконструкцияға жабылатыны ұйымдастырушыларға қиын тигелі тұрғанын айтты.

«Біз белгілі бір уақыт аралығында концерт өткізетін алаңсыз қаламыз. Ал Алматы арена сияқты жерде өткізсек билет қымбат болады, себебі концерт өткізетін алаң неғұрлым үлкен болса, соғұрлым көрермендерге арзанырақ түседі», - деп түсіндірді ол.     

Оның айтуынша, Еуропадағы концерттер 60-70 мың адамға арналған стадионда өтетін болған соң да билеттер арзанырақ шығады.      

Орталық стадион, фотосуретті Данияр Мүсіров түсірген

«Алматыда тым болмаса 30 мың адам сиятын жабық стадион салынады деп үміттенеміз. Қазір 20 мың адам сиятын стадион алаңының 30%-ы сахнаға кетеді, сонда қалған бос орынға 15 мыңдай ғана адам сияды. Бізге жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін нысан керек. Бізге ғана емес, спорттық жарыстарға да қажет», - деді Нұрғұмарова.

Реконструкциядан кейін Орталық стадионға 32,5 мың адамға дейін сыяды делінген.

Алматы туризм басқармасының дерегінше, Алматыда 12 мың адамға арналған Almaty Arena бар, «Медеу» спорт кешені 8 500 адамға арналған, «Сұңқар» шаңғы трамплині кешеніне 5200 адам сияды. Сондай-ақ, «Алматы қаласының спорт құрылыстар дирекциясы» ЖШС Халық Арена мен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына 5 мың адамнан сыятынын мәлімдеді.

Алматыдағы қалған нысандардың сыйымдылығы 3-4 мыңға да жетпейді. Ал Астанада жағдай жақсырақ — 30 мың адамға арналған «Астана-Арена» бар.

Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 28 стадион бар. Тағы 9 салу жоспарланып отыр. Оның ішінде сыйымдылығы 10 мың орыннан асатын стадион салынатын қалалар қатарында Қызылорда (10 мың), Ақтөбе (35 мың), Атырау (12 мың), Ақтау (10 мың), Шымкент (35 мың), Семей (12,5 мың) бар. Десе де көбінің жобалық-сметалық құжаттамасы әлі дайын емес, жыл соңына дейін дайын боп қалады.

Almaty Tourism Bureau басшысы Камила Лұқпанова туризмді дамыту әрқашан инфрақұрылымды жетілдірумен қатар жүруі керек деп есептейді. Оның пікірінше, Қазақстанда жоғары деңгейдегі инфрақұрылым салынбайынша, Бейонсе сияқты әлемдік деңгейдегі әртістерді шақыруға дайын емес.

«Үлкен концерт ұйымдастыру дегеніміз не? Тіпті 30 мың адам келсе де бұл өте көп адам. Біріншіден, әуежай, такси, шатл-автобус, метродан бастап қонақүй сервисінің жақсаруына дейін жұмыс істеуіміз керек (2024 жылы Алматыға келген туристердің 50%-дан астамы қонақ үй қызметіне көңілі толмаған - В.) Екіншіден, іс-шара өтетін орынды дайындауымыз керек. Бұған автокөлік тұрақтарынан бастап нысан ішінде көрермендер қалай қозғалатыны, олардың қауіпсіздігіне дейінгі мәселе қамтылады. Кей жұлдыздар музыка құрылғыларын осы жақтан жалдауы мүмкін, біздің музыканттар соған да дайын болуы керек», - деп түсіндірді ол.

Камила Лұқпанова, фотоны Данияр Мүсіров түсірген

Лұқпанова бір жұлдыз келіп кеткеннен кейін, оның көңілінде жаман әсер қалмауы үшін бәрін кәсіби деңгейде ұйымдастыру керек дейді, себебі сарафон радиосы ақылы хабар тарап, басқа әншілер “Қазақстанға келмеймін” деп шешуі мүмкін:

«Іс-шара туризмін ұйымдастырғанда “тұтынушының жосығына” қараймыз, яғни ол жүріп өтетін жолдың бәрі мінсіз болуы керек».

Almaty Tourism Bureau әлеуетті іс-шара ұйымдастырушыларға шетелдік туристерді тарту бойынша маркетинг жағынан көмек көрсетіп отырады. Олар былтыр Almaty Marathon туралы 11 елге бағытталған таргет жарналамалар жіберген.

«Осындай шараларды қолдау арқылы Алматыны “жүгірушілерге арналған қала” деген имидж қалыптастырамыз. Іс-шараны жоғары деңгейде өткізетіне сенімді ұйымдарға үнемі көмекесіп отырамыз. Іс-шара туризмі арқылы өте көп туристерді тартуға болады. Мысалы, үш жыл бұрын Алматыда болған Димаш Құдайбергеновтың концертіне келген фан-топ мүшелері кейін отбасымен бірге қалаға тағы келді», - деп мысал келтірді Лұқпанова.

Димаш Құдайбергеновтың Алматыда өткен концертіне келген шетелдік туристер, фото Kazinform сайтынан алынды

Үкімет қандай қолдау көрсете алады?

Салтанат Қазыбаева ауқымды іс-шараларды өткізу мемлекеттік құрылымдармен тығыз ынтымақтаса жұмыс істегенде ғана іске асатынын айтты. Сондай-ақ, марафон трассасын құрғанда міндетті түрде әкімдікпен келісіп, жолдарды жабады.

Алайда Қазыбаеваның сөзінше, жолды жабу бойынша әкімдікпен келісу кейде қиынға түседі. Мысалы, 2025 жылғы 1 маусымда Астанада өткен Astana Half Marathon-да барлық қажетті рұқсат құжаты болған күнде де келісу процесі бюрократиялық кедергілер мен күтпеген өзгерістерге тап болған.

«Іс-шараға бірнеше апта қалғанда бізге старт жинақтарын тарататын EXPO-дағы орынды шұғыл түрде ауыстыруға тура келді. Себебі жалға алу келісімшарты бұзылды. Жарысқа бірнеше күн қалғанда старт жинақтарын тарататын жаңа алаң іздеуге мәжбүр болдық. Әсіресе Астанада өзара байланыс орнату қиын: шараны ұйымдастыруға спорт басқармасы жетекшілік еткенімен, процесс кезінде басқа да мемлекеттік органдар араласып, жоспарлауды қиындатады», - деді Қазыбаева.

Ол әкімдік жолды жабуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келе жатқанына риза екенін, бірақ басқа танымал марафондарда тікелей қаржылай қолдау да көрсетілетінін атап өтті.

«Бостон марафоны мемлекет қаржысына ұйымдастырылады. Демеушілер де атсалысатыны түсінікті, әйтпесе болмайды. Көршілес Өзбекстанда да марафон өткізуге қаржыны мемлекет бөледі. Біз де Almaty marathon ұйымдастыруға кішігірім қаржы аламыз, бірақ ол 2012 жылдан бері азаймаса, көбейген емес», - деді Қазыбаева.

Almaty marathon ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылы мемлекеттен 16 млн теңге бөлінген, бұл жалпы іс-шара ұйымдастыруға кететін бюджеттің небәрі 2,6%-ын құрайды. Almaty Marathon-ның 2024 жылғы жалпы бюджеті 616 млн теңгені құрады.

«Алматы қаласының спорт құрылыстары дирекциясы» әкімдік тарапынан мұндай іс-шараларды ұйымдастыруға қандай көмек береді деген «Власть» сауалына берген жауабында әкімдік логистикаға, рұқсат құжаттарын алу, қоғамдық тәртіп пен медициналық көмек көрсету, ресми ресурстар арқылы ақпараттық қолдау көрсету сияқты көмек көрсететінін айтты.

«Имиджі бар және туристік саясаттың бір бөлігі ретінде мемлекет тарапынан танылған іс-шараларды қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады», - деп жауап берді спорт құрылыстары дирекциясы.

Альфия Нұрғұмарова да мемлекет тарабынан қаржылай көмек болса, концерттердің билет құны арзанырақ болар еді дейді.

«Бұл біз көбірек ақша табу үшін емес, халыққа билетті қолайлы бағада сату үшін жасалса дейміз. Бұл тұрғыдан Грузия мен Әзербайжан жақсы дамып келе жатыр, оларда алаң мен қажет құрал-жабдықты мемлекет береді. Біз керек-жарақты жалға беретін компаниялардан аламыз», - деді ол.

Альфия Нұрғұмарова 

Малик Хәсенов үкімет отырысында сөз сөйлегені концерт билеттерінің тез өтіп кетуіне көмектесті деп отыр. Оның айтуынша, «А» санатындағы алғашқы коммерциялық концертті өткізудің нәтижесі бойынша, Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, оқиғалық туризмді дамытуға арналған стратегиялық жоспар әзірленеді деп хабарлады. Бұл жоспар 3 жыл ішінде «А» санатындағы 10 концертті өткізуді көздейді.

Камила Лұқпанова да Грузия мен Әзербайжан елдерін мысалға келтіріп, сол елдерде іс-шара туризмді дамытуға арналған арнайы жоба бар екенін және соның аясында мемлекет ұйымдастырушыларға қаржы бөлетінін айтты.

«Мемлекет 100 пайыз қаржыландырмайды, мысалы 30% шығынды көтеріп алады. Мұның өзі ауқымды көмек. Екі ел де іс-шара туризмге баса назар аударады. Соның арқасында бұл елдерге Джастин Тимберлейк сияқты әншілер де келіп жатыр. Бұл креатив индустрияның дамуына әкелді, яғни грузиялық дизайнерлер, музыка, ұлттық тағамдары танымал болды», - деді Лұқпанова.

Оның пікірінше, Қазақстанда да бұл тәжірибені қолдануға болады, алайда бізде туризмді дамыту бойынша арнайы стратегия не бағыт жоқ.

«Қазір қай жерде екенімізді түсініп тұрмыз, бірақ қайда бара жатқанымызды, 5 жылдан кейін қай шамаға жететініміз түсініксіз. Алматыны Орталық Азиядағы мәденит пен креатив хабы ретінде көргіміз келеді. Бұл әрдайым ведомствоаралық коммуникация мәселесі», - деді Лұқпанова.

Туризм және спорт министрлігінің «Власть» сауалына берген жауабына сүйенсек, биыл елдің туристік өңірлерін медиа және имидж іс-шаралар арқылы танымал етуге арналған 124 іс-шара жоспары бекітілген. Десе де министрлік мәдени шараларды ұйымдастыратын жекеменшік ұйымдарға мемлекеттік қолдау көрсете алмайды.

Министрліктің дерегінше, мәдени іс-шараларға келген туристер саны жеке есептелмейді.

Алматы туризм басқармасы болса, іскерлік туризмді дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде айқындағанын мәлімдеді.

«Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, іскерлік іс-шараға қатысушылардың шығыны қарапайым туристерге қарағанда 1,5–2 есе көп. Бұл әрбір ірі форум мен конференцияның қала экономикасына айтарлықтай қаржы түсімін қамтамасыз ететінін білдіреді. Сонымен қатар, іскерлік белсенділік артып, B2B-байланыстар дамиды, және қалаға инвестициялық қызығушылық та артады», - делінген хабарламада.

Көрнекі суретті Жанар Каримова түсірді

Лұқпанова да экономикалық тұрғыдан іскер туристті тартқан тиімдірек дегенмен келіседі. Алайда оның пікірінше, Алматы бұл тұрғыдан Астанаға есе жібереді, себебі мұнда 1500 не одан көп адам сыятын конгресс орталықтар мен конференц залдар көп емес. Ол бұдан Алматы жапа шегіп жатқан жоқ деп есептейді, себебі бұл қала демалуға көбірек арналған.

«Жалпы әлемдік тәжірибеге қарасақ, корпоратив іс-шаралар, олардың ресми бөліктері ел астанасында өтіп, демалуға Алматы сияқты екінші қалаға барып жатады. MICE (Meetings, Incentives, Conferences, Exhibitions) деген іскерлік туризм ұғымын алсақ, біз алғашқы екі әріптің қажеттілігін (кездесулер мен тимбилдинг сияқты шаралар) жаба аламыз. Бұл 200-300 адамға арналған шара, мұндайда іскерлік шараны демалыспен қатар алып жүруге болады», - деп есептейді ол.

***

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism LabII жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Пора пригласить певца A.SERGIO для участия в теле- и радиопрограммах, подкастах и шоу!

Волочкова рассказала, с кем отправилась на Мальдивы

Менеджер Артиста. Менеджер по работе с артистами.

«Путь к вершинам»: вдохновляющий проект для детей и подростков с ограниченными возможностями здоровья в Приэльбрусье

Новости тенниса


Екатерина Александрова

Пройдёт ли россиянка в полуфинал турнира в Гамбурге? Александрова — Бондарь: прогноз и ставка



Все новости по теме на сегодня

Концерт в новостях



11-летняя дочь Тимати Алиса откровенно ответила на вопрос о семье: видео

Снуп Догг стал владельцем футбольного клуба «Суонси Сити»

«Путь к вершинам»: вдохновляющий проект для детей и подростков с ограниченными возможностями здоровья в Приэльбрусье

«Путь к вершинам»: вдохновляющий проект для детей и подростков с ограниченными возможностями здоровья в Приэльбрусье


Авто в России и мире

Музыка

Вся музыка

Рок

Поп

Рэп

Джаз

Классика

PR

Новости тенниса

Новости тенниса


Уимблдон

Вероника Кудерметова: Уимблдон — особенный турнир





Позирует топлес, обнимается с брюнетом, безудержно смеется: веселый отдых Анастасии Волочковой на Мальдивах

На официальном сайте Главного управления Росгвардии по Московской области запущена интерактивная кнопка "Хочу служить в Росгвардии"

«Национальная Лотерея» и РОЛЬФ разыграют на VK Fest автомобиль в честь запуска новинки «Автомобильная лотерея «РОЛЬФ»

Колледж «Подмосковье» принял более 5 тысяч заявлений от абитуриентов



Poisk-Music.ru — тематический дочерний проект популярных новостных сайтов Life24.pro и BigPot.news о музыке, музыкантах, певцах, композиторах (слухи, сплетни, разговоры и дискуссии о музыке, культуре, жанрах, VIP-скандалы — в новостях и статьях). Тайны светской жизни звёзд — в кадре и за кадром шоу-бизнеса сегодня и сейчас. Новости о музыке, и не только...

Опубликовать свою новость по теме в любом городе и регионе можно мгновенно — здесь


Rss.plus


Новости России


VIP

Косметолог Наталья Рябинова: в чем разница между эстетическим и медицинским трихологом



Все города России от А до Я

Moscow.media

Шоу-биз — сегодня и сейчас (ежесекундное обновление новостей) от более чем 20 000 независимых тематических источников информации онлайн! Мы собрали ВСЁ, что интересно по этому поводу — СЕГОДНЯ, а ещё больше новостей — здесь.



Новости России







Музыкальные новости